Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы аумағында қаржүргішпен кешкі серуенге шыққан екі турист таудағы шатқалда қалып қойды, деп хабарлайды Malim.kz.
Демалушылар Шайтанкөл маңынан демалыс үйіне түспек болған кезде қалың қар мен күрделі рельеф салдарынан терең шатқалда қамалып қалған. Қар құрсауында қалған сәтте олардың бірі «112» нөміріне хабарласқан.
Күн батып бара жатқан шақта құтқарушылар жолында құлаған ағаштар мен өткір тастар жасырынған алып қар үйінділері кедергі келтірген. Таулы-қыратты жердің аса қауіпті болуына байланысты арнайы техника оқиға орнына жақындай алмаған. Экстремалды жағдайда құтқарушылар үйінділер арасынан қолмен жол ашып, туристер мен техниканы қар тұтқынынан шығарды.
Құтқару жұмыстарының нәтижесінде 1978 және 1979 жылы туған ер адамдар шатқалдан аман-есен эвакуацияланды. Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарылған азаматтар өз өмірлерін сақтап қалған мамандарға алғыстарын білдірді.