Malim.kz
Құқық

Қатты қумын деп ойлапты. Павлодарлық есірткіні ерекше әдіспен жасырыпты /видео/

Ереке Базарқұл
©"Собеседник"

Павлодарда есірткіні магнитпен жасырын қойып жүрген 23 жастағы күдікті ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облыстық прокуратурасы мен полиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы бірлескен жедел іс-шара барысында күдіктіні қолға түсірді.

Полицияның мәліметінше, ер адам есірткі салынған орамаларды гараждардың темір қақпаларына және құбырларға кішкентай магниттердің көмегімен жабыстырып, олардың орналасқан жерін суретке түсіріп, кейін координаттарын жіберіп отырған.

Ұстау сәтінде күдіктіден ақ түсті ұнтақ салынған, изолентаға оралған бес клипбокс тәркіленді. Сонымен бірге, оның смартфонынан тыйым салынған заттар жасырылған орындардың координаттары мен сипаттамасы анықталды.

Жедел уәкілдер Павлодар аумағында жүргізген тексеріс нәтижесінде есірткі жасырылған 25 орын тапты. Әр ораманың ішінде магнит болған, сол арқылы олар металдарға бекітіліп отырған.

Сараптамаға сәйкес, тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы 17 грамнан асады. Бұл — заң бойынша аса ірі көлем деп танылады.

Қазір есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын заңсыз дайындау, өңдеу, өндіру және сату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары