Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласына жасаған жұмыс сапары кезінде «Казцинк» компаниясына қарасты Долинный кенішіне барды. Аймақ басшысы кеніштің жер асты жұмыстарымен танысып, өндірістік процесті өз көзімен көрді, деп хабарлайды Malim.kz.
Долинный кеніші 2017 жылы пайдалануға берілген. Бір жылдан кейін алғашқы өнеркәсіптік өнімі Риддер байыту фабрикасында сәтті өңделді. Бүгінде оның өндірістік қуаты жылына 1 миллион тоннаға дейін кен өндіруге мүмкіндік береді.
Облыс әкіміне кәсіпорында қолданылып жатқан негізгі цифрлық технологиялар таныстырылды. Солардың қатарында кенді шахтадан жер бетіне тасымалдайтын канадалық Rail-Veyor көлік жүйесі бар. Ұзындығы шамамен алты шақырым болатын бағытта бес автоматтандырылған құрам тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Бұл жүйені енгізу өндірістің өнімділігін арттыра түсті.
«Кеншілермен кездесіп, олардың еңбек жағдайымен таныстым. Қазіргі таңда кеніште 400-ден астам адам еңбек етеді. Өндіріс орнында қауіпсіздік талаптарына ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта қызметкерлердің орналасқан орнын анықтау, автоматты бақылау және шахта ауасының құрамын қадағалау жүйелері қолданылады. Сонымен қатар тиеу техникасын қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін заманауи әдіс-тәсілдер енгізілген. Оператор техниканы қауіпсіз қашықтықтан басқара алады, ал арнайы датчиктер қауіпті аймақта адамның пайда болуын анықтаған жағдайда жабдықтың жұмысын автоматты түрде тоқтатады», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, Долинный кен орнының игеру кезеңі 2029 жылға дейін болып отыр. Жалпы қоры - 8,4 млн тонна, қалған қоры - 2 млн тонна. Қалған қорлар қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп, игерудің экономикалық тиімділігі расталған жағдайда өндіріске тартылуы мүмкін. Келешекте қосымша Обручевское кен орнына өту жоспарланған. Ондағы игеру кезеңі - 2028-2036 жылдар. Кен орнының қоры 5,7 млн тоннаны құрайды.