Malim.kz
Қоғам

Қазақ ғылымы қара жамылды: Есімі қалың елге танымал ғалым Оразақ Смағұлов дүниеден өтті

• Мадияр Қапанбек
Оразақ Смағұлов. Фото: ашық дереккөзден

Қазақстан ғылымы ауыр қазаға ұшырады. Бүгін, 24 қарашада белгілі антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 96 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Оразақ Смағұлов саналы ғұмырын қазақ халқының шығу тегін, антропологиялық ерекшеліктерін және тарихи қалыптасу кезеңдерін зерттеуге арнаған ғалымдардың бірі болды.

Ол елімізде антропология ғылымының жеке зерттеу бағыты ретінде қалыптасуына зор үлес қосып, қазақ халқының этникалық тарихын ғылыми тұрғыдан зерделеді.

Оразақ Смағұлов кім болған?

Оразақ Смағұлов 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген.

1950 жылы Меңдіқара педагогикалық училищесін, ал 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдаған.

Кейін Мәскеуде антропология саласы бойынша кәсіби білімін жетілдіріп, ғылыми зерттеулермен айналыса бастады.

1963 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық диссертациясын қорғады.

Ғалымның еңбек жолы 1958 жылы басталған. 1961 жылдан Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында қызмет атқарды.

1973 жылы Қазақстанда алғашқы этностық антропология зертханасын ұйымдастырды. Бұл отандық антропология ғылымының дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болды.

Қазақ халқының шығу тегін зерттеуге өмірін арнады

Оразақ Смағұловтың ғылыми еңбектері қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезін және тарихи сабақтастығын зерттеуге бағытталды.

Ол палеоантропология, краниология, соматология, одонтология және дерматоглифика салаларында іргелі зерттеулер жүргізді.

Ғалым Отырар, Көк-Мардан, Құйрықтөбе және Мардан-Күйік секілді тарихи орындардан табылған антропологиялық материалдарды зерттеуге атсалысты.

Оның ғылыми ізденістері қазақ халқының антропологиялық қалыптасу үдерісін көне дәуірлерден бастап қарастыруға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Оразақ Смағұлов тарихи тұлғалардың антропологиялық келбетін қалпына келтіру бағытындағы зерттеулерге де үлес қосты.

Ғалымның еңбегі жоғары бағаланды

Оразақ Смағұловтың ғылымға сіңірген еңбегі мемлекеттік және халықаралық деңгейде бағаланды.

1991 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, ал 2004 жылы академигі болып сайланды.

1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағына ие болды.

2010 жылы "Құрмет" орденімен, 2019 жылы Халықаралық Түркі академиясының "Алтын Жұлдыз" медалімен марапатталды.

Ғалым кейінгі жылдары да ғылыми қызметін жалғастырып, Қазақстанның Ұлттық музейіндегі зерттеу жұмыстарына атсалысты.

Оразақ Смағұловтың дүниеден өтуі – Қазақстан ғылымы үшін үлкен жоғалту. Оның қазақ халқының антропологиялық тарихына арналған еңбектері мен ғылыми мұрасы кейінгі ұрпаққа қызмет ете береді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары