АҚШ-тың Phoenix қаласында өткен Regeneron ISEF 2026 дүниежүзілік ғылыми-инженерлік көрмесі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Malim.kz.
Биыл әлемдегі беделді ғылыми додаға 60-тан астам елден 1700-ге жуық жас зерттеуші қатысты.
Қазақстан құрамасы атынан жеті оқушы бес ғылыми жобаны ұсынып, ел намысын қорғады. Байқау қорытындысы бойынша Тараз қаласындағы Зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Арнұр Артықбай арнайы жүлделерге ие болды.
Ол «Машиналық оқыту негізінде қатерлі ісіктерді автоматты түрде анықтау жүйесі» атты ғылыми жобасын таныстырды. Жоба жасанды интеллект технологияларының көмегімен қатерлі ісіктерді ерте әрі дәл анықтауға бағытталған.
Арнұр Артықбай MAWHIBA Foundation қоры тағайындаған 400 доллар көлеміндегі ақшалай сыйлықты және King Fahd University of Petroleum and Minerals университетінің білім грантын жеңіп алды.
Regeneron International Science and Engineering Fair – мектеп оқушылары арасындағы әлемдегі ең ірі ғылыми-инженерлік көрмелердің бірі. Байқауды халықаралық ұйымдар мен ірі технологиялық компаниялар қолдайды.
Қазақстан аталған халықаралық байқауға 1999 жылдан бері ұлттық серіктес ретінде тұрақты қатысып келеді.