Malim.kz
Аналитика

Қазақ жұлдыздары ата-анасына қандай көлік сыйлаған?

• Мадияр Қапанбек
Фото-коллаж: Malim.kz / ЖИ

Қазақ шоу-бизнесі өкілдері қымбат көлікті тек өздері үшін сатып алмайды. Кей әншілер алғашқы үлкен табысын немесе мерейтой секілді ерекше күндерді пайдаланып, ата-анасына темір тұлпар сыйлаған. Бірі анасына Lexus RX мінгізсе, енді бірі әкесіне жаңа көліктің кілтін табыстаған. Malim.kz ата-анасына көлік сыйлаған қазақстандық жұлдыздардың топтамасын жинақтады.

Sadraddin анасына Lexus RX сыйлады

Жас әнші Sadraddin анасына қымбат көлік сыйлаған өнер иелерінің бірі.

2024 жылдың қаңтарында әнші әлеуметтік желідегі парақшасында анасына жаңа көліктің кілтін табыстаған сәтін көрсетті. Видеодан көліктің Lexus RX моделі екенін байқауға болады.

Сол кездегі дерек бойынша Lexus RX-тің бағасы комплектациясына байланысты 34 млн теңгеден 48 млн теңгеге дейін болған. Бұған дейін Sadraddin анасына пәтер сыйлағанын да айтқан. Осылайша әнші бірнеше жыл ішінде анасына баспана да, премиум санаттағы көлік те сыйлаған.

Динара Сұлтан анасына Changan UNI-K мінгізді

Әнші Динара Сұлтан да анасының мерейтойын ерекше сыйлықпен атап өткен.

2024 жылдың ақпанында өнер иесі анасына дилерлік орталықтан Changan UNI-K сатып алып берген. Әншінің айтуынша, бұл сыйлықты жұбайымен бірге анасының мерейтойына орай дайындаған.

Сол кезде Changan UNI-K-тің нарықтағы бастапқы бағасы шамамен 12,89 млн теңге болған. Динара Сұлтан бұл әрекетін әр баланың анасын қуантып, үмітін ақтағысы келетін арманымен байланыстырған.

Мөлдір Әуелбекова әкесіне су жаңа көлік сыйлады

Әнші Мөлдір Әуелбекова ата-анасын қуантуға ерекше мән беретінін бірнеше рет көрсеткен.

2022 жылы өнер иесі әкесіне су жаңа көлік сыйлап, сол сәтті әлеуметтік желідегі оқырмандарымен бөлісті. Бұған дейін әнші ата-анасын қажылыққа жібергенін де айтқан.

Бұл жолы Мөлдір Әуелбекова әкесіне көлік кілтін табыстап, отбасындағы қуанышты көпшілікке көрсеткен.

Асхат Тарғын ата-анасына Chevrolet Cobalt сыйлады

Әнші Асхат Тарғын ата-анасына көлікті жалғыз емес, бауырларымен бірге сыйлаған.

2023 жылы әншінің анасы 70 жасқа толып, ата-анасының отасқанына 50 жыл болған. Осы қос мерейтойға орай балалары әке-шешесіне Chevrolet Cobalt көлігін тарту еткен.

Асхат Тарғынның айтуынша, көлік ата-анасының ауыл ішінде, той-жиынға барып-келуіне арналған.

Сол кезеңде Chevrolet Cobalt-тың нарықтағы бағасы шамамен 6,5 млн теңгеден басталған. Көліктің кілті табысталған сәтте әншінің әкесінің көзіне жас алғаны да әлеуметтік желіде кең тараған.

Бүркіт енесіне көлік сыйлады

Ата-анасына ғана емес, жұбайының ата-анасына бағалы сыйлық жасаған жұлдыздар да бар.

2024 жылы әнші Бүркіт жұбайы Аишаның анасына көлік сыйлаған. Өнер иесі бұл әрекетін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Бүркіт көлікті өзі сыйлағанымен, оны Аишаның анасына жасаған ортақ отбасылық сыйы ретінде қабылдайтынын айтқан.

Бұл оқиға да әлеуметтік желі қолданушылары арасында жылы пікірлерге ие болған.

Еркебұлан Тоқтар анасына алғашқы көлігін сыйлады

Актер әрі аралас жекпе-жек шебері Еркебұлан Тоқтар да анасына көлік мінгізген танымал қазақстандықтардың қатарында.

2025 жылдың желтоқсанында ол анасына өміріндегі алғашқы жеке көлігін сыйлағанын жариялады. Актер анасының кезінде базарда жұмыс істеп, балаларын асырағанын еске алған.

Еркебұлан Тоқтар сыйлықты анасының көп жылғы еңбегіне деген алғысы ретінде ұсынған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары