«Қазақмыс» «Абыз» кенішіндегі 150 жұмыскерге арналған жатақхананы жөндеп жатыр. Нысанды жаңартуға компания 126 млн теңге бағыттаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Жалпы аумағы 969,5 шаршы метр болатын жатақханада жатын бөлмелер мен ортақ пайдаланылатын орындар жаңартылады. Атап айтқанда, қабырға, төбе және еден жабындары, есіктер мен терезе жақтаулары, электр жабдықтары ауыстырылады. Дәліздер мен холда әрлеу жұмыстары жүргізіліп, санитарлық-тұрмыстық бөлмелердегі сантехника мен кафель жаңартылады. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі толық жаңартылады.
Жөндеу жұмыстары жұмыскерлердің тұруына кедергі келтірмей, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бір уақытта екі бөлме босатылып, ондағы жұмыскерлер уақытша басқа бөлмелерге орналастырылады.
Жатақхананы жаңартуды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба аяқталғаннан кейін кеніш жұмыскерлеріне ауысым арасында демалуға қолайлы жағдай жасалады.
Жөндеу жұмыстары «Қазақмыстың» әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымды жаңарту бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. 2026 жылы компания осы мақсатқа 2,4 млрд теңге бағыттап, 80-нен астам нысанды жаңартуды жоспарлаған. Бағдарламаға жатақханалар, медициналық пункттер, асханалар, жуынатын бөлмелер және әкімшілік-тұрмыстық кешендер кіреді.