«Қазақмыс» корпорациясы өндірістік үдерістің тұрақтылығын және еңбек ұжымы алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, жоспарлы жұмысын жалғастыруда.
2025-2029 жылдарға арналған «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен жұмыскерлері арасындағы Ұжымдық шарт аясында Корпорация биылғы ақпан айының бірінші жартысында 12,3% мөлшерінде индекстелген біржолғы төлемді төлейді. Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жариялаған 2025 жылғы ресми инфляция деңгейіне сәйкес келеді.
Сонымен қатар тоқсандық сыйақыны төлеу бойынша белгіленген тәртіп сақталады. «Қазақмыс» корпорациясы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, жұмыскерлердің қорғалу деңгейін арттыруға және лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қызметкерлер алдындағы міндеттемелерді орындаумен қатар Корпорация өндірістік қуатты жаңғыртуға, өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға және Топ құрамындағы кәсіпорындардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге инвестиция салуды жалғастыруда.