Malim.kz
Қоғам

"Қазақмыс" өндірістік жабдықпен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздікті күшейтуде

Мадияр Қапанбек
Фото: kazakhmys.kz

Қыркүйек айында «Қазақмыс» өндірістік кәсіпорындарда өндірістік қауіпсіздік бағдарламасының қозғалып тұрған және айналатын механизмдермен жұмыс істеу кезінде жарақаттанудың алдын алуға арналған арнайы кезеңін өткізуде.

Бір ай бойы Топтың тау-кен өндіру, байыту және металлургия кәсіпорындарында қауіпті аймақтарды анықтауға және жұмыскерлердің жабдықтың қозғалып тұрған бөліктерімен жанасуына жол бермеуге ерекше назар аударылады. Бұл ретте ілініп қалу және оралу, тартылып кету, қысылып қалу, жаншылу, соққы алу, сондай-ақ заттар мен материалдардың ұшып шығу қаупі ескеріледі.

Негізгі талаптардың бірі – жабдықтың қауіпті аймағына кез келген араласу оны толық тоқтатып, энергия көздерін оқшаулағаннан кейін ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл жабдықты тазалау және бітеліп қалған жерін ашу, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және механизмдердің жұмысына тікелей араласуды талап ететін басқа да жұмыстарға қатысты.

Инженерлік қорғаныс құралдарының жарамдылығына да ерекше назар аударылады. Жабдық белгіленген қорғаныс қоршауларымен, бұғаттау жүйелерімен, апаттық тоқтату құрылғыларымен және іске қосу алдындағы ескерту дабылымен қамтамасыз етілуі тиіс. Қорғаныс қоршаулары алынып тасталған, ашық тұрған немесе жарамсыз жабдықты пайдалануға жол берілмейді.

Кәсіпорындарда микрооқыту және «қауіпсіздік минуттары» да өткізіледі. Нақты өндірістік жағдайлардың мысалында жұмыскерлер қысып қалу, тартылып кету және материалдың ұшып шығуы мүмкін қауіпті аймақтарды анықтау дағдыларын пысықтайды.

«Жұмысты тоқтату құқығы» басты қағидалардың бірі болып қала береді. Әрбір жұмыскер қауіпсіздікке тікелей қауіп төнгенін, оның ішінде жабдықтың айналмалы бөліктері ашық қалғанын немесе қорғаныс қоршаулары жарамсыз екенін байқаса, жұмысты тоқтатып, бұл туралы басшылыққа хабарлауға міндетті.

Қыркүйек айындағы кезең «Қазақмыстың» өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. Бағдарлама 2026 жылдың соңына дейін Топ кәсіпорындарындағы негізгі өндірістік тәуекелдерді кезең-кезеңімен қамтиды.

«Қазақмыста» 2026 жыл Өндірістік қауіпсіздік жылы деп жарияланды. Компания негізгі өндірістік тәуекелдер бойынша жұмысты күшейтіп, басшылар мен жұмыскерлердің жеке жауапкершілігіне, оқиғалардың алдын алуға және жұмыс басталғанға дейін қауіпті жағдайларды жоюға ерекше назар аударуда.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары