Malim.kz
Қоғам

Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытының инфрақұрылымын жаңартуға 4,4 млрд теңге бағыттады

• Мадияр Қапанбек
Фото: t.me/kazakhmys_news

2026 жылы Қазақмыс Жезқазған мыс балқыту зауытының өндірістік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмысын бастады. Кәсіпорынның нысандарын күрделі жөндеуге және қалпына келтіру жұмысына 4,4 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды Malim.kz.

Бағдарламаның ең ірі жобаларының бірі – құны 2,03 млрд теңгеден асатын мыс электролизі цехының шатырын күрделі жөндеу. Жұмыс 2026 жылғы маусымда басталды.

Жоба аясында тозығы жеткен темірбетон плиталар өндірістік орта мен коррозия әсеріне төзімді заманауи сэндвич-панельдерге ауыстырылуда. Сонымен қатар су құбыры желісінің жекелеген учаскелері және оларға ілеспе инженерлік инфрақұрылым жаңартылуда.

Жоба төрт кезеңде жүзеге асырылады және жалпы ауданы 8 600 шаршы метр шатырды жаңартуды көздейді. Қазіргі уақытта шамамен 3 000 шаршы метр аумақ кейінгі монтаждау жұмысына дайындалды. Бірінші кезеңді 2027 жылдың ортасына дейін аяқтау жоспарланған.

Биіктікте жұмыс істеу және монтаждау жұмысын орындау кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінеді. Жұмыскерлер қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген, ал қауіпсіздік талабының сақталуы жұмыстың барлық кезеңінде бақылауда болады. 

Мыс электролизі цехынан бөлек, ЖМЗ-да №1 салқындатқыш мұнараға күрделі жөндеу жүргізіліп, конвертер бөлімшесінің шатыры қалпына келтірілуде. Балқыту цехының әкімшілік-тұрмыстық кешеніндегі жуынатын бөлмелерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын.

Өндірістік инфрақұрылымды жаңарту Қазақмыстың жаңа басқару командасының 2026 жылғы басым бағыттарының біріне айналды. Бағдарламаны іске асыру өндірістік нысандардың сенімділігін арттыруға, инфрақұрылымдық тәуекелдерді азайтуға және жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары