Қазақстан алдағы төрт жыл ішінде 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Теміржол ынтымақтастығы ұйымының (ТЖЫҰ) 40-шы бас директорлар конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Елордада өткен жиын ұйымның 70 жылдығына арналды. Форумға әлемнің 30-дан астам елінен 300-ден астам теміржол компаниясының басшылары мен өкілдері қатысты. ТЖЫҰ-ға мүше елдердің теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 320 мың шақырымнан асады. Осы инфрақұрылым арқылы жыл сайын шамамен 5,5 млрд жолаушы мен 5 млрд тонна жүк тасымалданады.
Конференция барысында халықаралық теміржол тасымалдарын дамыту жолдары, инфрақұрылымды жаңғырту, жүк көлемін арттыру, қағазсыз технологияларға көшу және басқарудың зияткерлік жүйелерін енгізу мәселелері талқыланды.
Премьер-министр өз сөзінде теміржол саласының ел экономикасындағы маңызды рөлін атап өтті.
«Экономиканың аса маңызды күретамырына айналған Қазақстанның теміржол саласы орнықты өсімді қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді», – деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, Қазақстан географиялық ерекшеліктеріне қарамастан транзиттік әлеуетін тиімді пайдаланып отыр.
Соңғы 15 жылда елдің көлік саласына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салынған. 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистральдық жол салынды. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі арқылы құрлықтағы транзиттік тасымалдардың 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді.
«Алдағы 4 жылда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – 2035 жылға қарай транзит көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу», – деді Үкімет басшысы.
Негізгі бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту көзделген. Бұл жоба аясында Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту жұмыстары жүргізілуде. 2029 жылға қарай тасымал көлемін 80 мыңнан 300 мың ЖФЭ-ге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жүктерді жеткізу мерзімі қазірдің өзінде 18 күнге дейін қысқарған. Болашақта бұл көрсеткішті 10 күнге дейін төмендету көзделуде.
Премьер-министр «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің де маңыздылығына тоқталды. Бұл бағыт Қазақстанға Парсы шығанағы мен Үндістан нарықтарына шығуға мүмкіндік береді.
Цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған.
«TezCustoms платформасы Қытаймен шекарада рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы теміржол саласында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу өткізу қабілетін арттырудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті.