Malim.kz
Қоғам

Қазақстан көші-қон саясатын қайта жаңартты

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Қазақстан Үкіметі көші-қон саясатына қатысты тәсілдерді түбегейлі жаңартуды жоспарлап отыр. Жаңа бағыт саясатты ашық, цифрландырылған әрі инвесторлар мен білікті мамандарды тартуға бейім етуге негізделген, деп хабарлайды Malim.kz.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Президент Жарлығын іске асырудың негізгі бағыттарын түсіндірді.

Оның айтуынша, бұл өзгерістер бүкіл жүйені кешенді түрде трансформациялауды көздейді — әкімшілік бақылаудан экономикалық дамудың тиімді құралына көшу қарастырылған.

Аида Балаева атап өткендей, реформалардың негізінде көші-қонды реттеудің заманауи әрі икемді моделіне көшу жатыр.

Қарапайым тілмен айтқанда, біз бұрынғы күрделі әрі шектеулерге толы жүйеден біртіндеп бас тартып, ашық әрі икемді модельге көшіп жатырмыз. Басты мақсат – отандық экономикаға қажетті, сұранысқа ие мамандар үшін ашық, болжамды және қолайлы көші-қон жүйесін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде олардың еркін келуіне, кәсіби әлеуетін толық іске асыруына және Қазақстан қоғамына толыққанды әрі жайлы бейімделуіне мүмкіндік береді, - деді ол.

Осы бағытта бірнеше нақты қадамға басымдық беріледі.

Бірінші негізгі бағыт - көші-қон саласында сервистік мемлекетті қалыптастыру. Бұл мемлекеттік қызметтердің барынша қарапайым, ашық және қолжетімді болуын білдіреді.

Іс жүзінде бұл «бір терезе» қағидатын кеңейту, негізгі процестерді толық цифрландыру және ведомствоаралық келісімдерді қысқарту арқылы жүзеге асады. Яғни мәртебе рәсімдеу, жұмысқа рұқсат алу сияқты барлық рәсімдер біртұтас жүйе арқылы, түрлі органдарға қайта-қайта жүгінбей жүзеге асырылуы тиіс.

Екінші бағыт — әкімшілік процестерді бюрократиядан арылтып, олардың тиімділігін арттыру. Өтініштерді қарау мерзімдері қысқарып, рәсімдер оңтайландырылады, цифрлық бақылау құралдары енгізіледі. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін де, мемлекет үшін де уақыт пен ресурстарды азайтады.

Үшінші бағыт — адами капиталды жоспарлы түрде тарту моделіне көшу. Осы ретте «Алтын виза» тетігі енгізіледі. Бұл құрал инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін тұрақты әрі болжамды жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Мысалы, өндіріс немесе инфрақұрылым саласында жоба іске асыратын инвесторлар үшін елде ұзақ мерзімді тұрақты қызмет ету мүмкіндігі беріледі. Сол сияқты инженерия, IT немесе медицина саласындағы сұранысқа ие мамандар үшін де еңбек нарығына шығу жеңілдетіледі.

Төртінші маңызды бағыт — еңбек нарығының икемділігін арттыру, оның ішінде кәсіби біліктілікті тану рәсімдерін жеңілдету. Бұл әсіресе кадр тапшылығы бар және жоғары технологиялық салалар үшін маңызды. Кей жағдайларда біліктілікті растау мерзімдері айтарлықтай қысқарып, сапа мен қауіпсіздік талаптары толық сақталады.

Бұл ретте ең маңыздысы — барлық реформалар институционалдық тұрақтылықты күшейту және цифрлық бақылауды дамыту аясында жүзеге асырылуда. Яғни мемлекет реттеуді әлсіретпейді, керісінше оны нақты, дәл және технологиялық тұрғыдан тиімді етеді. Стратегиялық тұрғыдан алғанда, бұл Жарлық Қазақстанның инвестиция, технология және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі орнын күшейтуге бағытталған. Бұл — білімге негізделген экономиканы дамыту және сапалы өсуді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Осылайша, көші-қон саясаты түбегейлі трансформациядан өтеді: әкімшілік сипаттағы құралдан экономикалық дамудың және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияның маңызды тетігіне айналады, - деді министр.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары