Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Қазақстан аумағындағы АҚШ инвестициясымен құрылған мұнай нысандарының қауіпсіздігі және Иран тарапынан ықтимал қауіптерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, барлық нысандардағы жұмыс қалыпты жүргізілуде, жүйенің жұмысына кедергі жасалмаған. Құбырларды басқарушы консорциум мүшелері әртүрлі сценарийлерге дайындық жасап жатыр. Қазақстан өз міндеттемелерін толық орындап отыр, ал транзитке қатысатын тараптар мен мұнай ресурстарын алушы елдер де құбырдың үздіксіз жұмыс істеуіне мүдделі.
Жалпы, нысандардағы жұмыс қалыпты тәртіпте жүріп жатыр. Жүйенің жұмысына кедергі жасалып отырған жоқ. Консорциумның барлық мүшесімен әртүрлі сценарий пысықталуда. Бұл ірі жоба екенін ескере отырып, Қазақстан жағынан барлық міндеттеме орындалып келеді. Сонымен қатар, транзитке қатысушы тараптар және энергия ресурстарын қабылдайтын елдер де өз әрекеттерін жасап отыр. Сондықтан барлығы осы құбырдың тоқтаусыз жұмыс істеуіне мүдделі, – деді Санжар Жаркешов.
Вице-министр нысандардың әскери қорғалуы бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың құпия екенін, бұл туралы жария ақпарат берілмейтінін атап өтті.
Еске салсақ, өткен жылдың қарашасында Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданған еді. Биыл ақпан айында АҚШ президентінің әкімшілігі Қазақстан мұнайын экспорттауға әсер етуі мүмкін шабуылдардан кейін Украинаға дипломатиялық ескерту жолдаған.