Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалы маңында дрондар екі мұнай танкеріне шабуыл жасады. Бұл терминал Қазақстан мұнай экспортының шамамен 80 пайызын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Malim.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, танкерлердің бірі – Delta Harmony – грекалық Delta Tankers компаниясының басқаруында болған және «Теңізшевройл» жобасының мұнайын тиеуі тиіс еді. Екінші танкер – Matilda – грекалық Thenamaris компаниясына тиесілі, ол Қарашығанақ кен орнынан мұнай тиеуді күтіп тұрған.
Thenamaris компаниясының өкілі Matilda танкеріне КҚК-дан шамамен 30 миль қашықтықта екі дрон шабуыл жасағанын растады. Оның айтуынша, зардап шеккендер жоқ, кеме палубалық құрылымдарында болмашы зақымдар бар, оларды толық қалпына келтіруге болады. Шабуылдан кейін танкер аталған аумақтан кеткен.
Еске салайық, 2025 жылғы 29 қарашада Астана уақытымен сағат 06:06-да Новороссийск порты маңындағы КҚК-ның теңіз инфрақұрылымы экипажсыз жүзу құралдарының шабуылына ұшыраған болатын. Соның салдарынан ВПУ-2 айлақтық шығару құрылғысы елеулі зақымданып, толық жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілгенге дейін істен шығарылды.
Осыған байланысты Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай экспортын баламалы бағыттарға қайта бағдарлау жөніндегі жедел жоспарды іске қосты.
Бұған дейін АҚШ Ресей мұнайын тасымалдап бара жатқан тағы бір танкерді басып алған еді.