Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде жан басына шаққанда суды ең үнемді тұтынған ел болды. Бұл туралы Worldometer интернет-қызметінің мәліметтері куәландырып отыр, деп хабарлайды Malim.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Қазақстанда бір адам тәулігіне шамамен 3397 литр су жұмсайды, бұл — аймақтағы ең төменгі көрсеткіш.
Салыстырмалы түрде алғанда, Қырғызстан шамамен 4 153 литр, Тәжікстан 4 460 литр, Өзбекстан 4 778 литр суды тұтынса, бір адамға тәулігіне 15 445 литрге дейін су жұмсалатын Түрікменстан тізімде көш бастап тұр.
Worldometer мәліметінше, Түрікменстан тұрғындары күнделікті суды тұтыну бойынша Орталық Азияда ғана емес, әлемде де көш бастап тұр.
Жан басына шаққанда суды ең көп тұтынатын алғашқы он елдің қатарына кіргендер:
Чили (тәулігіне 5 880 литр); Гайана (тәулігіне 5 284 литр); Өзбекстан (тәулігіне 4 778 литр); Тәжікстан (тәулігіне 4 460 литр); Қырғызстан (тәулігіне 4 153 литр); АҚШ (тәулігіне 3 732 литр); Иран (тәулігіне 3 638 литр); Эстония (тәулігіне 3585 литр); Әзербайжан (тәулігіне 3 512 литр).
Суды тұтынудың ең төменгі деңгейі Африка елдерінде тіркелген. Ең төменгі көрсеткіш Конго Демократиялық Республикасында — мұнда жан басына шаққанда тәулігіне небәрі 32 литр су жұмсалып отыр. Бұдан бұрын Су ресурстары министрлігі тұрмыста суды үнемдеу бойынша ұсыныс әзірледі. Айтуынша, жылына 35 мың литрге дейін су үнемдеуге болатын көрінеді.