Malim.kz
Қоғам

Қазақстан - Қырғызстан шекарасында 400 жүк көлігі шекарада тұрып қалды

Арман Қайыпхан
Фото: depositphotos

Жамбыл облысындағы «Қарасу» автомобиль өткізу бекетінде Қырғызстан бағытына қарай 400-ге жуық жүк көлігі кезекте тұр, деп хабарлайды Malim.kz.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, көлік ағынының артуы уақытша сипатқа ие. Бұған халықаралық жүк тасымалының маусымдық өсуі және Қырғызстан аумағында жүк көліктеріне енгізілген температуралық шектеулер себеп болып отыр.

Жағдайды тұрақтандыру және өткізу бекетінің өткізу қабілетін арттыру үшін тиісті қызметтердің жұмысы күшейтілді. Ішкі істер органдарымен бірлесіп көлік ағынын реттеу және оның бір бөлігін жақын маңдағы басқа өткізу бекеттеріне бағыттау ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитеті Қырғызстанның құзырлы органдарымен бірлесіп жағдайды бағалап, қажетті шараларды келісіп жатыр.

Жүк тасымалдаушылар мен жүргізушілерге шекарадағы ахуал және балама бағыттар туралы ақпарат берілуде. Комитет жүргізушілерді маршрутты жоспарлау кезінде қалыптасқан жағдайды ескеруге шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары