Malim.kz
Қоғам

Қазақстан-Ресей шекарасында ұзын-сонар кептеліс: жүк көліктері кезекте тұр

Арман Қайыпхан
Фото: әлеуметтік желі

Павлодар облысындағы Қазақстан-Ресей шекарасындағы «Қосақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кептелісі байқалып отыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл жағдай жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің маусымдық артуына байланысты қалыптасқан.

Қазіргі уақытта өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп, көліктердің өтуін жеделдету үшін қажетті шаралар қабылдануда. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс ұйымдастырылған.

Мамандар тасымалдаушыларға балама бағыттарды пайдалануды ұсынады. Павлодар облысында «Шарбақты» және «Үрлітөбе», ал Солтүстік Қазақстан облысында «Жаңа Жол», «Қарақоға» және «Қызыл Жар» халықаралық өткізу пункттері жұмыс істейді.

Сонымен қатар шекарадан өту уақытын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік беретін электрондық кезек жүйесі қолжетімді. Бұл өткізу бекеттеріндегі жүктемені азайтып, тасымалдаушылар үшін процесті тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.

Айта кетейік, «Қосақ» өткізу пунктінің шығу бағытындағы орташа өткізу қабілеті тәулігіне 200-220 жүк көлігін құрайды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары