Ақтөбеде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай облыс әкімдігінде облыстық ҚХА-ның ең белсенді және еңбегі сіңген мүшелерін мерейтойлық медальдармен салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімде облыс әкімі қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі. Асхат Шахаров өткен отыз жыл ішінде Ассамблея азаматтық қоғамның маңызды институтына айналып, қоғамдық келісімді, тұрақтылық және ұлттық бірлікті нығайтуда шешуші рөл атқарғанын атап өтті.
ҚХА мүшелері еңбектеріне берілген жоғары баға үшін алғыстарын білдіріп, достық, төзімділік пен бірлікті дамытуға әрі қарай да үлес қосуға әзір екендіктерін жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосып жатқанын атап өтті. Облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы 30 жыл ішінде өңірде бірлікпен келісімді нығайту, этнос аралық қатынастарды дамыту саласында бірқатар жетістіктер мен нәтижелерге қолжеткізді. Атап айтсақ, білім беру, мәдениет мекемелерінде, ұйымдарда, аудандарда жалпыұлттық бірлік тінығайту, мемлекеттік тілді және ұлттық дәстүрлерді дәріптеу, отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша кездесулер, сонымен қатар, этномедиация бойынша семинарлар, қайырымдылық акциялары, шығармашылық ұжымдардың концерттері және т.б. іс-шаралар ұйымдастырылып, мыңдаған адам қамтылды. Осы өздеріңізбен бірлесе өткізілген іс-шаралардың арқасында өңірде татулық пен достықты нығайтып келеміз», - деп атап өтті әкім.
«Ақтөбе облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы ел бойынша үздік бестікке енеді. Біз әрі қарай да бар күшімізді салып, халықтар арасындағы достықты, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін жұмыс істей береміз», – деді Сергей Вишняк.
«Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік медалі этномәдени бірлестік өкілдеріне, қоғам қайраткерлеріне, ғалымдарға, педагогтарға, ҚХА ардагерлеріне, сондай-ақ Ассамблея бағдарламаларын жүзеге асыруға белсенді қатысып жүрген жас көшбасшыларға табысталды.