Malim.kz
Қоғам

Қазақстанда 1995 жылғы Конституциядан бас тарту ұсынылды

Арман Қайыпхан
Фото: egov.kz

Қазақстанда 1995 жылғы Конституцияның қолданыстағы редакциясынан толық бас тарту мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.

«Біздің алдымызда елдің негізгі заңының жекелеген бөлімдерін түзету немесе толықтыру шеңберінен әлдеқайда кең міндет тұр. Бұл — 1995 жылғы Конституция мәтінін бүгінгі күннің шындығына жай ғана бейімдеу емес. Бұл — мемлекеттік құрылымның бүкіл архитектурасын, құқықтар мен бостандықтарды кепілдендіру жүйесін, билік институттары мен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін терең қайта қарау. Мұндай ауқымды әрі кешенді өзгерістер логикасы бізді жекелеген, үзік-үзік түзетулерге емес, жаңа мәтін қабылдау қажеттілігіне алып келеді. Бұл ұстаным Қазақстан Республикасының “Құқықтық актілер туралы” заңының 26-бабынан да туындайды, онда нормативтік құқықтық актіге енгізілетін өзгерістердің ауқымын ескеру талап етіледі. Заңда нормативтік-құқықтық акт мәтінінің жартысынан астамы өзгертілген жағдайда, оның жаңа редакциясы қабылданатыны тікелей көрсетілген», — деді бейсенбі күні конституциялық реформа жөніндегі комиссияның отырысында Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

Оның айтуынша, комиссиядағы талқылау бүгінде «Конституцияның қолданыстағы мәтініне әдеттегі түзетулер енгізу шеңберінен асып отыр».

«Атап өтілгендей, комиссияға Конституцияның қолданыстағы нормаларының жартысынан астамын қамтитын 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті. Әріптестеріміздің, сарапшылар мен еліміздің азаматтары ұсынған барлық бастамалар маңызды әрі негізді. Олардың логикасы мәнді, ал саны едәуір», — деді Дания Еспаева.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары