Қазақстанда 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Malim.kz.
«Жалпы мемлекет меншігіне 563 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Бұған дейін берілген нұсқамалар негізінде 340 мың гектар жерді игеру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, жалпы аумағы 357,5 мың гектар болатын жер телімдерін мәжбүрлі түрде қайтару бойынша сот істері қаралып жатыр», – делінген бейсенбі күнгі хабарламада.
Комитет мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері шамамен 1 млн гектар аумақта 354 жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 500 мың гектарға жуық жерді қамтитын 261 заңбұзушылықты жою туралы нұсқама берілген.
Ведомствоның мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жерлерді кезең-кезеңімен қайта бөлу жоспары бекітілген. 20 сәуірдегі жағдай бойынша жоспарланған 13,5 млн гектардың 10,8 млн гектары айналымға енгізілген. Бірінші тоқсан бойынша жоспардың орындалуы 102,3%-ды құраған.
Сонымен қатар, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Ұлытау облысында жоспардан кешігу байқалатыны атап өтілді.
«Президент тапсырмасы толық орындалуы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару жұмысын жеделдету қажет. Кейбір өңірлердің белгіленген мерзімнен кешігуіне жол берілмейді. Жұмысты күшейтіңіздер», – деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.
Комитеттің ақпаратынша, соңғы екі жылда жайылым тапшылығы 3,2 млн гектарға дейін қысқарған. Алайда жеке қосалқы шаруашылықтарды жайылыммен қамтамасыз ету мәселесі әлі де өзекті болып отыр