Malim.kz
Мәдениет

Қазақстанда алғаш рет Қазақы тазы мен төбет күні аталып өтуде

Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда биыл алғаш рет 3 қыркүйек - Қазақы тазы мен төбет күні ретінде аталып өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров отандастарын атаулы күнмен құттықтап, ұлттық ит тұқымдарының халқымыздың мәдениеті мен дәстүріндегі орнына тоқталды.

Оның айтуынша, жеті қазынаның бірі саналатын тазы - адалдықтың, ептілік пен күштің символы. Ғасырлар бойы тазы мен төбет қазақ халқының көшпелі тұрмысымен тығыз байланысып, ата-баба дәстүрінің ажырамас бөлігіне айналған.

Қазақы тазы мен төбет күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2026 жылы мерекелік даталар тізбесіне енгізілді. Құжат 28 сәуірден бастап күшіне енген. Осылайша, елімізде жыл сайын 3 қыркүйекте бұл атаулы күн ресми түрде атап өтіледі.

3 қыркүйектің таңдалуы да кездейсоқ емес. Дәл осы күні 2024 жылы Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала ресми түрде танып, оның стандартын бекіткен болатын.

Атаулы күннің негізгі мақсаты - халқымыздың жеті қазынасының бірі саналатын ұлттық мұраны дәріптеу, қазақы тазы мен төбетті қорғау, тұқымын сақтау және халықаралық деңгейде кеңінен таныту.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тазы тұқымын сақтап, көбейтуге және оны халықаралық деңгейде насихаттауға айрықша мән береді. Президент тапсырмасымен бұл бағытта соңғы жылдары жүйелі жұмыстар атқарылды. Қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту туралы заң қабылданып, еліміз Халықаралық кинология федерациясының мүшелігіне енді», - деді Айбек Смадияров.

Қазақы тазы мен төбет күнінің алғаш рет аталып өтуі аясында елімізде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, төл ит тұқымдарының ерекшелігін танытуға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылуда.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары