Malim.kz
Қоғам

Қазақстанда алимент төлемейтіндердің қарызы 18 млрд теңгеге жетті

Сабина Асқарқызы
Shutterstock

Елімізде шамамен 12 мың адам алимент бойынша берешек. Жалпы қарыз көлемі бүгінде 18 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде алимент төлемдері «Әділет» ақпараттық жүйесі арқылы толық бақылауға алынған. Бұл жүйе бұрынғы ерлі-зайыптылар арасында байланыс болмаған жағдайда да төлемдердің қозғалысын ашық көрсетуге мүмкіндік береді.

Бүгінде 12 мың адамның 18 млрд теңге алимент қарызы бар. Олар алимент төлемей жүр. Қазір біз «Әділет» ақпараттық жүйесі арқылы төлемдерді бақылауға алдық. Бұрын алимент жіберілгенімен, сот орындаушысы оны жылдар бойы алушыға аудармай отырған жағдайлар болған. Қазір push-хабарламалардың арқасында алушы ақша арнайы есепшотқа түскенін бірден біледі. Егер қаражат келесі күні шотына түспесе, ол дереу шағым түсіре алады, – деді ол.

Министрлік өкілінің сөзінше, сот орындаушыларына қатысты осындай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, олардың лицензиясы кері қайтарылады. Бұрын кейбір жағдайларда ірі сомалар, мысалы ондаған миллион теңге, депозитке салынып, одан табыс табу әрекеттері болған. Енді мұндайға жол берілмейді.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары