Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы қайта өсті, деп хабарлайды Malim.kz. Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Сарапшылар бұған авиакеросин құнының қымбаттауы, әуе компанияларының техникалық қызмет көрсету шығындарының артуы және жазғы маусымдағы сұраныстың жоғары болуы әсер еткенін айтады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде әуе жолаушыларын тасымалдау қызметтерінің бағасы маусыммен салыстырғанда 3,2%-ға өскен. Бір жыл ішінде билет құны 10,8%-ға қымбаттаған. Дегенмен бұл өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басындағы 30-39%-дық өсіммен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
Сұраныс жоғары
Бағаның өсуіне қарамастан, қазақстандықтардың әуе көлігіне сұранысы төмендеген жоқ. 2020 жылы елде 5,5 млн жолаушы тасымалданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14,4 млн адамға жетті. 2026 жылдың алғашқы алты айында әуе компаниялары 7,4 млн жолаушы тасымалдап, өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға өсім көрсетті.
Халықаралық рейстер тиімдірек
Әуе компаниялары кірісінің негізгі бөлігі жолаушылар тасымалынан түседі. 2025 жылы жолаушылар тасымалынан түскен 959,9 млрд теңгенің 60,3%-ы халықаралық рейстерге тиесілі болған.
Бұл ретте ішкі рейстер саны халықаралық бағыттарға қарағанда шамамен үш есе көп. Алайда халықаралық бағыттар компаниялар үшін табысы жоғары сегмент болып отыр.
Баға қымбаттай ма?
Сарапшылардың пікірінше, билет бағасына авиакеросин құны, техникалық қызмет көрсету шығындары, халықаралық инфляция және жоғары сұраныс әсер етіп отыр. Сондықтан жақын уақытта әуе билеттерінің айтарлықтай арзандауына негіз болатын факторлар әзірге байқалмайды.
Сонымен қатар жолаушылар ағынының өсуі Қазақстандағы әуе тасымалына сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетеді.