Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке депутаттық сауал жолдап, Алматы облысы аудан орталықтарындағы базарлардың өзекті мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат өз сөзінде қазіргі базарлардың жағдайын қатаң сынға алып, олардың көпшілігі заманауи талаптарға сай келмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, сауда орындарында тәртіпсіздік кеңінен байқалады: инфрақұрылым ескірген, сауда қатарлары ретсіз орналасқан, ал санитарлық-гигиеналық талаптар жиі бұзылады. Базар аумақтарында қоқыс жиналып, су ағатын жүйелердің дұрыс жұмыс істемеуі де өзекті мәселе ретінде айтылды.
Сонымен қатар, тұрақ орындарының жетіспеуі көлік кептелістерін туғызып, тұрғындарға қолайсыздық келтіріп отыр. Қасқарауовтың пікірінше, мұндай жағдайлар ауданның жалпы имиджіне кері әсер етеді.
Ол сондай-ақ кәсіпкерлердің қолайсыз жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтып, базар иелерінің инфрақұрылымды жаңартуға жеткілікті деңгейде инвестиция салмай отырғанына назар аударды. Депутаттың айтуынша, мұндай мәселелер тек Алматы облысында ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де кездеседі.
Осыған байланысты Данияр Қасқарауов бірқатар нақты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, базарлардың қызметіне кешенді тексеріс жүргізу, санитарлық, өрт қауіпсіздігі және қала құрылысы талаптарының сақталуын бағалау қажеттігін айтты. Сонымен бірге, кейбір базарларды жаңғырту немесе елді мекендердің шетіне көшіру мәселесін қарастыруды ұсынды.
Басты бастамалардың бірі – базарлар мен сауда нысандарына бірыңғай архитектуралық және дизайн-код енгізу. Депутаттың айтуынша, бұл шаралар бизнесті шектеу үшін емес, керісінше қауіпсіз әрі заманауи сауда ортасын қалыптастыруға және халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Айта кетейік, 2026 жылы жеке инвестициялар есебінен жалпы аумағы шамамен 16 мың шаршы метрді құрайтын көпфункционалды фермерлік базар ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі Премьер-министрдің тапсырмасы аясында елдегі базарларда өнімсіз делдалдарды қысқарту жұмыстарын жандандырып жатыр.