Malim.kz
MALIMet

Қазақстанда бір бөлмелі пәтер қанша тұрады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан қалаларында қайталама нарықтағы бір бөлмелі пәтердің бағасы айтарлықтай өзгереді. Ең қымбат ұсыныстар Алматыда, ал ең арзаны Қызылордада тіркелген, деп Malim.kz тілшісі Krisha.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылым 2026 жылғы 22 қыркүйектегі хабарландыруларды талдап, қалалар бойынша бір бөлмелі пәтердің медианалық бағасын есептеген. Бұл – сатушылар сұрап отырған баға, сондықтан нақты мәміле құнынан өзгеше болуы мүмкін.

Алматыда бір бөлмелі пәтер орта есеппен 26,5 млн теңгеге сатылымға қойылған. Екінші орында Астана – 23,5 млн теңге, үшінші орында Шымкент – 18 млн теңге. Қостанайда мұндай баспана 16,9 млн, Атырауда 16 млн, Қонаевта 15,1 млн теңге тұрады.

Көкшетауда бір бөлмелі пәтердің медианалық бағасы 14,6 млн теңгені құрайды. Павлодар мен Семейде – 14 млн, Петропавлда – 13,6 млн, Қарағандыда – 13,5 млн, Ақтөбеде – 13 млн, Талдықорғанда – 12,5 млн, Ақтауда – 12 млн теңге.

Ең төмен баға Қызылордада тіркелген – 8,4 млн теңге. Жезқазғанда бір бөлмелі пәтер 9,5 млн, Таразда 9,8 млн теңге тұрады. Осылайша, Алматыдағы баға Қызылордадағыдан шамамен 3,2 есе жоғары.

Krisha.kz мәліметінше, жыл басынан бері пәтер бағасы Көкшетауда 8,3%, Павлодарда 7,2%, Семейде 6,2% өскен. Астанада өсім 5,3% болды. Алматыда шаршы метрдің бағасы 1,4% төмендегенімен, қала бір бөлмелі пәтер құны бойынша әлі де көш бастап тұр.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары