Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға енгізілген түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Құжатқа сәйкес, бір құрметті атақтың бір адамға қайта берілуіне жол берілмейтіні туралы норма енгізіледі. Бұл марапаттау жүйесінің әділдігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар, мемлекеттік ордендер тізбесі нақтыланып, жаңа марапаттар қосылды. Атап айтқанда, AL-FARABI, QOJA AHMET YASSAUI және «Мейірім» ордендері енгізіліп, қолданыстағы мемлекеттік наградалар сақталады.
Жаңа ордендер бойынша марапатталатын тұлғалардың санаттары да айқындалған. AL-FARABI ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани даму салаларында елеулі жетістікке жеткен азаматтарға беріледі.
Ал QOJA AHMET YASSAUI орденімен отандық және шетелдік ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ елдің мемлекеттілігін нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық салалардың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталады.
«Мейірім» ордені қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметке елеулі үлес қосқан тұлғаларға табысталады.
Заңда сондай-ақ Қарулы күштер, арнайы және құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау құрылымдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өкілдерін «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен, сондай-ақ «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттау тәртібі нақтыланған.
Бұдан бөлек, көпбалалы аналарға арналған «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапаттарының ережелері де жаңартылды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы «Мейірім» орденін «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарын тапсыру рәсімінде (2025 жылғы 5 желтоқсан) тағайындауды тапсырған болатын. Сондай-ақ 2026 жылғы 21 наурызда Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде QOJA AHMET YASSAUI орденін, ал 11 сәуірде ғалымдарды марапаттау салтанатында AL-FARABI орденін құру туралы жария етілген.