2026 жылдың басынан бері жұмыс іздеу платформасында 304,3 мың бос жұмыс орны және 394,4 мың түйіндеме жарияланған, деп хабарлайды Malim.kz.
Ақпан айымен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,7%-ға артса, түйіндемелер саны 14,3%-ға қысқарған. Нәтижесінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық едәуір азайды: қаңтарда түйіндемелер саны бос жұмыс орындарынан шамамен 60 мыңға артық болса, ақпанда бұл көрсеткіш 26 мыңға, ал наурыз қорытындысы бойынша 4,5 мыңға дейін төмендеді.
Жұмыс іздеушілер арасында 35 жасқа дейінгі үміткерлер үлесі басым – 42%. 35–44 жас аралығындағы азаматтар 26%-ды, 45–54 жас аралығындағылар 20%-ды, ал 55 жастан асқандар 12%-ды құрайды. Гендерлік бөліністе: 54% – әйелдер, 46% – ерлер.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, наурыз айында ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында: заң жұмысы жөніндегі бөлім басшысының орынбасары (≈1,4 млн теңге), бағдарламалық қамтамасыз ету архитекторы (≈1,38 млн теңге) және өндіруші өнеркәсіптегі өндіріс басшысы (≈1,14 млн теңге) бар.
Ал жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күткен лауазымдар: HR бизнес-серіктесі (≈4,2 млн теңге), каротажшы (≈3,0 млн теңге) және өнеркәсіп саласындағы зертхана басшысы (≈2,5 млн теңге).
Қазіргі уақытта ең көп сұраныс білім беру және қызмет көрсету саласында, сондай-ақ медицина мен ауыл шаруашылығында да мамандарға деген қажеттілік жоғары.