Malim.kz
Қоғам

Қазақстанда несие беру талаптары қатаңдатылады: 2027 жылда не өзгереді?

Арман Қайыпхан
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның банк жүйесінде 43,4 трлн теңге несие айналымда. Оның 25 трлн теңгесі халықтың үлесіне тиесілі. Бұл шамамен республикалық бюджеттің бір жылдық көлеміне тең (2026 жылы мемлекеттік шығыстар 26–27 трлн теңге деңгейінде жоспарланған), деп хабарлайды Malim.kz.

2025 жылға арналған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің деректеріне сәйкес, тұтынушылық несиелеу құрылымы халықтың қаражатты негізінен тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсайтынын көрсетеді.

Ең үлкен үлес — үйді жөндеу және жабдықтауға тиесілі (35,1%). Қазақстандықтар құрылыс материалдарын, жиһаз, сантехника сатып алу және жөндеу қызметтерін төлеу үшін жиі кепілсіз несие рәсімдейді. Көп жағдайда мұндай қарыздар ипотекамен қатар алынады.

Күнделікті қажеттіліктер мен тұрмыстық шығындарға алынатын несиелердің үлесі 22,4%-ды құрайды. Бұл санатқа азық-түлік, коммуналдық төлемдер және балаларды мектепке дайындау шығындары кіреді. Сарапшылар мұны халықтың нақты табысы инфляция қарқынына ілесе алмауымен байланыстырады.

Тұрмыстық техника мен электроникаға берілетін несиелер 10,3%-ды құрайды. Оның ішінде тоңазытқыш, кір жуғыш машина, теледидар және смартфондар бар.

Тұтынушылық несиелердің 8,3%-ы іс жүзінде кәсіпкерлік мақсаттарға жұмсалады. Шағын бизнес өкілдері мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін корпоративтік несие рәсімдеуден гөрі, жеке тұлға ретінде қарыз алу жеңілірек.

Автокөлікке арналған тауарлар мен қосалқы бөлшектерге жұмсалатын несиелердің үлесі 8,2%-ды құрайды. Бұл автопарктің ескіруімен және көлікті ұстау шығындарының артуымен байланысты.

Киім-кешек пен аяқ киімге берілетін несиелер 4,3% болса, сұлулық пен денсаулық қызметтеріне алынатын қарыздар 3,6%-ды құрайды. Соңғысына стоматологиялық қызметтер, ақылы операциялар және косметологиялық рәсімдер кіреді.

Мемлекет қарыз жүктемесінің артуының алдын алу үшін бірқатар шектеу шараларын енгізуде.

Қазіргі уақытта қосымша реттеу шаралары да қарастырылуда. Соның ішінде қарыздың табысқа қатынасы коэффициентін енгізу жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш азаматтардың банктерден ала алатын жалпы қарыз көлемін шектеуге бағытталған.

Сонымен қатар бөліп төлеу жүйесін несиелерге теңестіру мәселесі талқылануда.

Жалпы, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап табысты растау талаптарын күшейту жоспарланып отыр. Нәтижесінде, ресми табысы жеткілікті деңгейде расталмаған азаматтар үшін несие алу мүмкіндігі айтарлықтай шектелуі мүмкін.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары