Қазақстанда алдағы қыста орташа ауа температурасы климаттық нормадан жоғары болады деп болжанып отыр. Дегенмен бірқатар өңірде қар мол жауып, бұрқасын, тұман және көктайғақ болуы мүмкін, деп хабарлайды Malim.kz.
"Қазгидромет" әзірлеген консультативтік маусымдық болжамға сәйкес, солтүстік-батыс, солтүстік, солтүстік-шығыс және орталық өңірлердің кей бөліктерінде жауын-шашын әдеттегіден көп түседі. Жел күшейіп, бұрқасын соғуы ықтимал. Ауа температурасының күрт ауытқуы салдарынан қардың бетінде мұз қабыршағы түзілуі мүмкін.
Желтоқсанда еліміздің барлық аумағында орташа температура нормадан 2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Қаңтарда да республиканың басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болуы ықтимал. Осы екі айда жауын-шашын негізінен норма шамасында түседі. Алайда солтүстік пен батыстың жекелеген аумақтарында қар мөлшері нормадан асуы мүмкін.
Ақпанда елдің басым аумағында орташа температура нормадан 1-3 градусқа жоғары болады деген болжам бар. Сонымен бірге көптеген өңірде жауын-шашын әдеттегіден мол түседі. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының басым бөлігінде ғана оның мөлшері норма шамасында сақталады.