Қазақстанда тауық жұмыртқасын елге әкелуге алты айға тыйым салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Malim.kz. Kaztag-қа сілтеме жасап.
2026 жылғы 21 наурызда Астанада бұл туралы тиісті бұйрық жобасы ұсынылды. Құжатқа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы бойынша 040721 коды бар жаңа тауық жұмыртқаларын Қазақстан аумағына барлық көлік түрімен үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен әкелуге уақытша шектеу енгізу көзделген.
Сонымен қатар, жұмыртқаларды Қазақстан аумағы арқылы транзитпен тасымалдауға, сондай-ақ ЕАЭО-ға мүше бір елден екінші елге Қазақстан арқылы жеткізуге рұқсат беріледі.
Құжатта атап өтілгендей, бұл шара отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықты қорғау мақсатында қабылданбақ.