Қазақстанда сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша процестер стандартталып, біріздендірілді. Бұл туралы Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз етудегі рөлі» халықаралық форумында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске бірізділік қағидаты енгізіліп, мемлекеттік органдарға ұқсас жағдайларда бірдей шешім қабылдау міндеттелді. Ал 2025 жылдан бастап экстерриториялық соттылық жүйесі іске қосылып, соттардың тәуелсіздігі күшейтілді.
Сондай-ақ әкімшілік істер бойынша қолданылған «жаппай кассация» моделі жаңадан құрылған дербес кассациялық соттарға енгізілді. Бұдан бөлек, қылмыстық және азаматтық істерді кассациялық тәртіпте қараудың ең ұзақ мерзімі алты ай болып белгіленді.
Жоғарғы Сот төрағасының сөзінше, бүгінде Қазақстанда әкімшілік әділет жүйесі толық қалыптасып, құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналған.