Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп, 2026 жылғы 6-30 сәуір аралығында белгілі бір төлем түрлерін алуға арналған шоттардан тыйымдарды алып тастау жөніндегі науқанды бастады, деп хабарлайды Malim.kz.
Науқан аясында мынадай шот түрлерінен тыйымдар алынып тасталады:
– жалақы алуға арналған шоттар;
– алимент төлемдеріне арналған шоттар;
– зейнетақы төлемдеріне арналған шоттар;
– мемлекеттік жәрдемақыларға арналған шоттар.
Осы науқанға қатысу үшін азаматтар Adilet.gov mobile application арқылы тіркеліп, жеке сот орындаушысына шоттардан тыйымды алып тастау туралы өтініш беруі қажет.
Тыйымдар тек растайтын құжаттар ұсынылған жағдайда ғана алынып тасталады (жалақы түсетін шот екенін растайтын жұмыс орнынан анықтама, зейнетақы шоты екенін растайтын құжат және т.б.).
Сонымен қатар Әділет министрлігі шоттардан тыйымдарды алып тастау азаматтарды атқарушылық құжаттар бойынша міндеттемелерді орындаудан (қарыз өндіріп алу, айыппұлдар және т.б.) босатпайтынын ескертеді.