Malim.kz
Қоғам

Қазақстанда Yandex Go сервистерінің жұмысында ақау шықты

• Мадияр Қапанбек
Фото: Яндекс Go

Қазақстанда Yandex Go-дың бірқатар сервисінің жұмысында уақытша ақау пайда болды. Компания мамандары қызметтерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

Yandex өкілдері кейбір сервистердің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын растады. Алайда олардың қашан толық қалпына келетіні әзірге нақтыланбаған.

"Өкінішке қарай, қазір кейбір сервистер дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін. Қызметтердің жұмысын мүмкіндігінше тез қалпына келтіру үшін мамандарымыз жұмыс істеп жатыр", – делінген компания түсініктемесінде.

Компания мәліметінше, ірі цифрлық сервистердің жұмысы әртүрлі инфрақұрылымдық алаңдар мен серверлерге тәуелді. Жүйенің бір бөлігінде мәселе туындаған жағдайда жүктеме басқа серверлерге ауыстырылып, қызметтердің тұрақтылығын сақтау шаралары іске қосылады.

Yandex Cloud-тың ресми мәртебе парағында 11 қазанда ru-central1-a аймағында электрмен жабдықтау бұзылғаны, сондай-ақ бірқатар бұлтты сервистің жұмысында іркілістер байқалғаны хабарланды. Мамандар платформаның жұмысын қалпына келтіру және тұрақтандыру жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Компания қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректері Қазақстан заңнамасының талаптарына сәйкес ел аумағындағы серверлерде сақталатынын да атап өткен.

Әзірге Yandex Go сервистерінің Қазақстандағы жұмысы толық қашан қалпына келетіні туралы нақты уақыт жарияланған жоқ.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары