Қазақстанда жоғары білім алу құны жыл сайын артып келеді. 2025 жылдың алғашқы тоқсанында университеттердегі оқу ақысы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 10,8 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды Malim.kz el.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл инфляция мен білім беру қызметтеріне деген сұраныстың артуының тікелей салдарынан болып отыр. Оқу ақысының ең жоғары өсімі Атырау облысында (36,3%), Түркістан облысында (19,6%) және Маңғыстау облысында (15,4%) тіркелді. Ал Алматы қаласында оқу ақысы 9,4 пайызға өскенімен, елдегі ең қымбат студенттік қала болып қала береді. Мұнда бір жылдық оқу құны 500 мың теңгеден 7,6 миллион теңгеге дейін жетеді.
Соған қарамастан, жоғары білімге деген қызығушылық төмендеген жоқ. Керісінше, 2025/2026 оқу жылының басында ақылы бөлімге түскен студенттер саны 130,8 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 27,6 пайызға артты. Бұл жоғары білімнің еңбек нарығындағы маңызы әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр.
Оқу ақысының қымбаттауы студенттердің жаппай оқудан шығуына әкелген жоқ. Қаржылық себептермен оқуын тоқтатқан студенттердің үлесі биыл 3,5 пайызды ғана құрады. Яғни, жастар білім алуға инвестиция салуға дайын.
Сонымен қатар, университеттердің табысы да айтарлықтай өсті. 2025 жылы жоғары оқу орындарының көрсеткен қызмет көлемі 807,8 миллиард теңгеге жетті. Оның 40 пайызы – студенттердің оқу ақысынан түскен қаражат. Жоғары білім беру нарығының негізгі бөлігі Астана мен Алматыда шоғырланған.