Бір адамға жылына 82,6 келі ет және 123,5 келі нан өнімдері мен жарма өнімдері келеді. Ал кей өңірлердегі айырмашылық таңғалдырады, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстандықтардың күнделікті дастарханында нан мен еттің орны бөлек. Ал олардың бір жылда қанша тұтынылатынын нақты санмен есептеп көрдіңіз бе? Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы дерегіне сәйкес, елде жан басына бір жылда орта есеппен 123,5 келі нан өнімдері мен жарма өнімдері және 82,6 келі ет пен ет өнімдері тұтынылған. Яғни, бір адамға шаққанда күніне орта есеппен:
- 338 грамм нан өнімдері мен жарма өнімдері;
- 226 грамм ет және ет өнімдері.
Тағы бір қызық мағлұмат: аталған тағамдарды тұтыну көрсеткіші - әр өңірде әр түрлі. Мәселен, нан өнімдері мен жарма өнімдерін ең көп тұтынатын өңір - Түркістан облысы. Мұнда бір адамға жылына орта есеппен 168,2 келіден келеді.
Одан кейін:
Жетісу облысы - 149,6 кг;
Жамбыл облысы - 141,6 кг;
Батыс Қазақстан облысы - 135,7 кг.
Ал ең төмен көрсеткіш Алматы қаласында тіркелген - 96,5 кг. Астана қаласында бұл көрсеткіш 101,4 кг болған.
Ал ет тұтынудан Жетісу облысы көш бастап тұр. Мұнда бір адам жылына орта есеппен 97,2 келі ет және ет өнімдерін тұтынады.
Кейінгі орындарда:
Жамбыл облысы - 95,6 кг;
Ақмола облысы - 93,3 кг;
Атырау облысы - 92,9 кг;
Алматы қаласы - 91,8 кг.
Ал ең төмен көрсеткіш Шымкент қаласында - 59,8 кг.
Астана қаласында бір адамға шаққандағы ет және ет өнімдерін тұтыну 87,2 келі болған.
Қазақстандықтардың азық-түлікке жұмсайтын шығынында ет пен ет өнімдерінің үлесі 16,9 пайыз болған. Бұл - азық-түлік шығыстары арасындағы ең жоғары үлес. Нан өнімдері мен жарма өнімдерінің үлесі 7,7 пайызды құраған.