Malim.kz
Шоу-бизнес

Қазақстандық жас актриса Golden Globes тарихына енбек

• Мадина Ізекен
Фото: "Ғашықпын саған" фильмінен кадр

Қазақстандық актриса Шұғыла Ешен Golden Globes Silk Road Tribute Gala шарасында америкалық кино сыйлығының арнайы марапатына ие болады, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы the.madeniet Instagram парақшасы жариялады. Салтанатты шара 23-24 қазанда Ташкент қаласында өтеді. Бұл Golden Globes тарихында Орталық Азия мен Кавказ елдерінің кино өкілдері алғаш рет марапатталатын рәсім болмақ.

Шұғыла Ешенге кино және телевизия саласында танылып келе жатқан жас буын өкілдеріне арналған Golden Globes Beacon Award сыйлығы табысталады.

Шұғыла Ешенмен қатар Гүлчехра Жамилова, Әли Хамраев, Тахмина Рафаэлла, Леван Когуашвили және Самвел Тадевосян да марапатталады.

Шұғыла Ешен кім?

Шұғыла Ешен – қазақстандық театр және кино актрисасы. 24 жастағы өнер иесі заманауи қазақстандық театр мен кино саласында өзіндік шығармашылық бағытын қалыптастырып келе жатқан жас буын өкілдерінің бірі.

Актриса "7 қарақшы", "Ғашықпын саған", "Қайтадан" және "Шекер. Последний шанс" туындыларындағы рөлдерімен танымал. Ол "Шекер. Последний шанс" жобасындағы рөлі үшін "Киносыншылар таңдауы" сыйлығының "Екінші пландағы үздік актриса" аталымында жеңіске жеткен.

Сонымен қатар Шұғыла Ешеннің кәсіби жетістіктерінің қатарында 2025 жылы өткен "Altyn saqa" театрішілік фестивалінде алған "Үміт" марапаты бар.

Мадина Ізекен
Автордың басқа материалдары