Malim.kz
Қоғам

Қазақстандықтар Кореяға EPS жүйесі арқылы жұмысқа іріктеледі: талаптар қандай?

Айбын Атабай
Фото: pixabay.com

Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа орналастыру үшін EPS жүйесі арқылы іріктеу басталады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кандидаттарға қойылатын талаптар мен іріктеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Практикалық іріктеу Алматы қаласында EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады. Орталықта үміткерлердің корей тілін білу деңгейі EPS-TOPIK тесті арқылы анықталып, кәсіби білімі мен дағдылары да бағаланады.

Кореяға жұмысқа барғысы келетін азаматтар үшін арнайы дайындық ұйымдастырылады. Іріктеу кезінде олардың білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары ескеріледі.

Кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға 18-ден 39 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары қатыса алады.

Үміткер:

сотталмаған;

бұған дейін Корея Республикасынан мәжбүрлі түрде шығарылмаған;

Кореяға кіруге тыйым салынбаған;

Қазақстаннан шетелге шығуға шектеуі жоқ болуы керек.

Кандидаттар белгіленген талаптарға сәйкес балдық жүйе бойынша бағаланады.

Барлық кезеңнен сәтті өткен және талаптарға сәйкес келетін азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Алайда бұл олардың Кореяда автоматты түрде жұмысқа орналасатынын білдірмейді.

Жұмыс берушіні кім таңдайды?

Кандидаттың жеке мәліметтерінде оның білімі, кәсіби тәжірибесі, сертификаттары, тест нәтижелері және қандай жұмысқа орналасқысы келетіні көрсетіледі.

Осы ақпаратпен корейлік жұмыс берушілер танысып, өздеріне қажетті қызметкерді таңдайды.

Яғни соңғы шешімді Қазақстан тарапы емес, Кореядағы жұмыс беруші қабылдайды.

Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін оған еңбек шарты ұсынылады. Құжатқа қол қоймас бұрын жұмыс түрі, жұмыс уақыты, еңбек жағдайлары және басқа да маңызды талаптар түсіндіріледі.

Еңбек шарты екі тараптың қол қоюымен рәсімделгеннен кейін оның түпнұсқасы қызметкерге беріледі.

Кореяда қанша уақыт жұмыс істеуге болады?

EPS жүйесі бойынша еңбек ету мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін. Заңда қарастырылған жағдайларда бұл мерзімді тағы 1 жыл 10 айға дейін ұзартуға мүмкіндік бар.

Жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен оралған азаматтарға кейін Кореяға қайта бару үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған.

Кореяға аттанар алдында жұмысшылар Алматыдағы EPS орталығында міндетті дайындықтан өтеді. Дайындық аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін ғана олар жұмыс орнына аттанады.

Делдалдарға ақша бермеңіз

Еңбек министрлігі азаматтарды Кореяға жұмысқа орналастыруды уәде ететін жеке делдалдардан сақ болуға шақырды.

Ведомствоның айтуынша, «жұмысқа міндетті түрде орналастырамыз», «іріктеуден жедел өткіземіз», «кандидаттар тізіміне кезексіз енгіземіз» деген уәделерге сенуге болмайды.

Жеке делдалдардың ешқайсысы Кореяда жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды. Себебі кандидатты түпкілікті таңдауды корейлік жұмыс беруші жүзеге асырады.

Іріктеудің нақты басталу күні, құжат қабылдау тәртібі, EPS-TOPIK тестінің мерзімі мен өткізілу тәртібі туралы ақпарат кейін қосымша жарияланады.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары