Malim.kz
Қоғам

Қазақстандықтар жарты жылдық демалысқа шығып, жалақысын сақтап қала алады

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда жұмыс орны мен жалақысы сақталатын ұзақ мерзімді демалысқа шығудың жаңа мүмкіндігі пайда болуы мүмкін. Бүгін Сенатта «Еңбек заңнамасын жетілдіру туралы» заң жобасы аясында Еңбек кодексіне тиісті түзетулер қаралды, деп хабарлайды Malim.kz Qaz365.kz сайтына сілтеп. 

Құжаттағы негізгі нормалардың бірі – жұмысты оқумен немесе ғылыми қызметпен ұштастыратын қызметкерлерге алты айға дейінгі мерзімге оқу демалысын беру құқығы. Егер бұрын мұндай кепілдіктер заңнамада тікелей көрсетілмей, көбіне жұмыс берушінің еркіне байланысты болса, жаңа түзетулер бойынша оқу демалысы кезінде жұмысшының орны, лауазымы және орташа жалақысы сақталады.

Атап айтқанда, бұл демалыс диссертация жазу және қорғау, ғылыми зерттеулер жүргізу, өзге де ғылыми жұмыстарды орындау, сондай-ақ әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламаларынан өту үшін берілмек. Тараптардың келісімі бойынша оқу демалысын бөліп пайдалануға да болады. Ал «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқитындар үшін жұмыс орны сақталады, бірақ жалақы төлеу мәселесі жұмыс берушінің құзырында қалады.

Заң жобасына берілген негіздемеде еңбек пен ғылыми зерттеулер арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың қиындығы, әсіресе қарқынды академиялық белсенділік кезеңінде қолдаудың қажеттілігі көрсетілген. Қазіргі қолданыстағы заңнамада оқу демалысы негізінен емтихан тапсыру, дипломдық жұмыстарды дайындау немесе зертханалық жұмыстарды орындау үшін ғана беріліп келеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары