Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне қанағаттанады және алдағы бір жылда тұрмыс деңгейі жақсарады деп сенеді. DATAmetrics жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 95,2%-ы өміріне риза болса, 67,6%-ы отбасының материалдық жағдайы соңғы бір жылда жақсарғанын айтқан, деп хабарлайды Malim.kz.
DATAmetrics компаниясы жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтардың 95,2%-ы өз өміріне қанағаттанатынын, ал 67,6%-ы кейінгі бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан.
Зерттеу 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген. Сауалнамаға еліміздің барлық өңірлері, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың адам бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісімен қатысқан.
Зерттеу нәтижесі халықтың әлеуметтік көңіл күйі негізінен өмірге қанағаттану, отбасының материалдық жағдайы және болашаққа деген сенім арқылы бағаланғанын көрсетті.
Сауалнамаға қатысқандардың 63,3%-ы өміріне толық қанағаттанатынын, ал 31,9%-ы көбіне риза екенін айтқан. Осылайша, респонденттердің жалпы 95,2%-ы өз өміріне оң баға берген. Ал 3,4%-ы өміріне көбіне көңілі толмайтынын, 1,1%-ы мүлде қанағаттанбайтынын жеткізген.
Материалдық жағдайға қатысты сауалнамаға қатысушылардың 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының қаржылық ахуалы жақсарғанын мәлімдеген. Оның ішінде 29,8%-ы айтарлықтай жақсарғанын, 37,8%-ы белгілі бір оң өзгерістер болғанын айтқан.
Қазақстан терроризм деңгейі бойынша әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі атандыОқыңыз
Респонденттердің 25,5%-ы материалдық жағдай өзгермегенін, ал 6,6%-ы нашарлағанын хабарлаған.
Болашаққа қатысты да қазақстандықтардың басым бөлігі оптимистік көзқарас танытқан. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6%-ы бір жылдан кейін қазіргіге қарағанда жақсы өмір сүретініне сенімді. Оның ішінде 45%-ы жағдайы едәуір жақсарады деп күтсе, 33,6%-ы аздап жақсарады деп болжайды.
Ал 15,9%-ы отбасының тұрмыс деңгейі өзгермейді деп есептейді. Өз жағдайының нашарлауын күтетіндер – 3,4%. Зерттеу қорытындысы бойынша, қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне риза, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалайды және алдағы уақытта тұрмыс деңгейі жақсарады деген сенімде.