Malim.kz
Қоғам

Қазақстандықтардың айыппұлы кешірілуі мүмкін

Айбын Атабай
Gov.kz

Қазақстанда әкімшілік амнистия аясында азаматтардың бір бөлігін жауапкершіліктен босатып қана қоймай, айыппұлды кешіру мәселесін қарастыру жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, амнистия азаматтардың, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін құқықбұзушылық жасағандарға ғана қатысты болады.

Кімдер амнистияға ілікпейді?

Ержан Сәденов амнистия бірқатар санатқа қолданылмайтынын нақтылады.

"Қауіпті қылмыс жасағандар, соның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипатындағы, кәмелетке толмағандарға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандар, сондай-ақ, рецидивистер мен іздеуде жүрген адамдар тізімге кірмейді", - деді ол.

Айыппұлды кешіру

Сонымен қатар, әкімшілік амнистия аясында айыппұлды кешіру мәселесі қарастырылып жатыр.

"Жеке тұлғалардың төленбеген айыппұлын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарастыру жоспарланып отыр. Мұндай тұлғалардың санаттарын, айыппұлды кешіру көлемі мен тәртібін заң жобасын дайындау кезінде уәкілетті орган пысықтайды", - деп толықтырды министр.

Бұған дейін салықтарды қашан төлеу керектігі айтылған еді. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары