Malim.kz
Қоғам

Қазақстандықтардың несиесі енді кешірілмейді

Айбын Атабай
pixabay.com

Қазақстандықтардың қарызын жаппай кешіру әзірге жүргізілмейді деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.

Оның айтуынша, мемлекет есебінен несиелерді кешіру үлкен тәуекел туғызып, бюджетке ауыр салмақ түсіреді. 2019 жылғы несие амнистиясынан кейін кейбір азаматтар қарыздары кешірілген соң қайтадан несие алып, оны да өтей алмай қалған.

"Бұл моральдық тәуекел тудырады. Адамдар әр 5–6 жыл сайын амнистия болады деп күтеді. Яғни, несие бәрібір кешіріледі деген сеніммен олар төлем жасауды қояды", - деді агенттік басшысы.

Әбілқасымова несие амнистиясы мемлекеттік бюджетке өте үлкен салмақ түсіретінін, сондықтан қазіргі экономикалық жағдайда мұндай шара қолдау таппағанын айтты.

"Бұл бюджетке үлкен жүктеме. Сондықтан әзірге Үкімет бұл бастаманы қолдап отырған жоқ. Сол себепті біз баламалы тетік ұсындық", - деді ол.

Бұған дейін Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енетінін, толық салықтық амнистия болмайтынын айтқан болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда ипотекалық және тұтынушылық несие бойынша мөлшерлеме өзгеретіні хабарланды. Қазақстандықтарға бірінші несиесі мақұлданбайынша келесісін беруге тыйым салынатыны айтылды. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары