Malim.kz
Қоғам

Қазақстанның ең қарт тұрғыны 116 жасында өмірден өтті

• Алуа Әшірбекова
Фото: tengrinews.kz

Ұлытау облысында Қазақстанның ең қарт тұрғыны Түймегүл Темірбаева 116 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Tengrinews мәліметінше, Түймегүл апа Жаңаарқа ауданының Қызылжар ауылында тұрған. Аудан әкімдігі марқұмның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Ол 1910 жылғы 1 қаңтарда Жамбыл облысының Жайылма ауылында жылқышының отбасында дүниеге келген. Әкесі Шотаяқ жылқы баққан, анасы Маңғаз үй шаруасымен айналысып, жұбайына қолғабыс еткен. Отбасында үш бала өскен. Түймегүл апа үш жасында анасынан айырылған.

1932 жылы Аязбай Темірбаевпен шаңырақ көтеріп, кейін жұбайымен бірге Жаңаарқа ауданына қоныс аударған. Осы өңірде тоқсан жылдан астам өмір сүрген.

1934 жылдан бастап "Жеңіс" кеңшарында жылқышының көмекшісі болып еңбек еткен. Жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.

Ғасырдан астам ғұмыр кешкен Түймегүл апа 15 немере, 25 шөбере сүйген. Оның өмір жолы ауыл тіршілігімен, еңбекпен және ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланысты болды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары