Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі сенім дағдарысы мен қақтығыстылықтың артуы жағдайында Парсы шығанағындағы тұрақтылық мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр.
Осы орайда, Қазақстанның аталған аймақтағы, соның ішінде Иран төңірегіндегі ахуалға қатысты ұстанымы елдің 2020 – 2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасына сәйкес екенін айқын көруге болады.
Парсы шығанағындағы кикілжіңдер басталған кездегі Қазақстанның алғашқы қадамдары үш тағанға — көпвекторлық, прагматизм және белсенділік қағидаттарына негізделді. Еліміз өзін халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатын жауапты мүше ретінде танытып келеді
Иран кейсінде Қазақстанның негізгі геосаяси шешімі — мемлекетаралық қақтығыстарды шешуде алдын алу дипломатиясы мен медиация мүмкіндіктерін қолдану.
Стратегиялық тұрғыдан алғанда, Қазақстан Орта Азия және Таяу Шығыс елдерімен, соның ішінде Иранмен қарым-қатынасты нығайтуды басымдық ретінде қарастырады. Сонымен қатар, ресми Астана Парсы шығанағы мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесімен байланыстарды кеңейтуге мүдделі болып қалып отыр және әріптестікке шақырудан жалыққан емес. Бұл қадамдар өңірдегі күштер теңгерімін сақтауға және Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғауға бағытталған.
Кикілжің жағдайындағы маңызды қадамдардың бірі — Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) толыққанды өңірлік ұйымға айналдыру бастамасы. Бұл Иран сияқты түйінді ойыншылар қатысатын азиялық қауіпсіздік мәселелерін шешудің кешенді тәсілі болып отыр.
Экономикалық тұрғыдан Қазақстан өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының әлеуетін пайдалануды көздейді. Сондай-ақ, энергия ресурстарының қауіпсіз транзиті мен экспорттық бағыттарын әртараптандыру — кикілжің кезіндегі басты экономикалық басымдықтардың бірі.
Қазақстанның Иран кейсіндегі қадамдары халықаралық құқық нормаларын сақтауға және шиеленісті диалог арқылы реттеуге негізделген. Бұл тәсіл елдің Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайтуға және сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтауға мүмкіндік береді және бұл — бұрын да өзін ақтап келген дипломатиялық әдістер болып қалып отыр.