Жаңа жыл қарсаңында көрерменге жол тартқан "Менің әкем" бағдарламасы Turkistan телеарнасы эфиріндегі тың жобалардың біріне айналды, деп хабарлайды Malim.kz.
Бағдарламаның алғашқы шығарылымы аңшылық пен омарта шаруашылығын қатар алып жүрген, өнегелі отбасының тірегі, жеті қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсірген әке –Қалшабек Тастанбекке арналды. Оның өмір жолы, әкелік мейірімі мен отбасыға деген жауапкершілігі көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Шығарылым барысында кейіпкердің балалары әкелеріне деген сағыныш пен алғысын тебірене жеткізді.
"Әкеміздің бізді ең жақсы көргенде айтатын сөзі – "балапандарым". Қазақта әріпсіз сөз бар. Біз жақсы көретін әріпсіз сөз бар. "Ы-ы-ы-ы"... Ол ешқандай ұлтта жоқ. Ол ешқандай сөзге сыймайтын нәрсе. Ата-ананың айтқан "ы-ы-ы-ы" бала үшін ерекше нәрсе. Ол – жүректегі жылулық пен мейірімнің үйлесімі", – деді қызы.