Malim.kz
Қоғам

«Қазақтың Робин Гуды» 6 жылға сотталуы мүмкін

Арман Қайыпхан
Фото: Видеодан скрин/instagram.com/qazaq_robin_hood

Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «қазақтың Робин Гуды» атанып кеткен блогер Ілияс Сариевтің ісі бойынша жарыссөз өтті, деп хабарлайды Malim.kz.

Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы – «ірі көлемдегі алаяқтық» бойынша айыпталып отыр. Айыпталушылар орындығында Сариевпен бірге MM Travel туристік фирмасының басшысы Ақтоты Дүйсеева да бар.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, олардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айтқандарымен толық дәлелденген. Жарыссөз кезінде прокурор екі айыпталушыны алты жылға бас бостандығынан айыруды және жәбірленушілердің азаматтық талаптарын толық қанағаттандыруды сұрады.

Тергеу Сариев пен Дүйсееваның әрекеттеріне қатысты 26 эпизод анықтаған. Олардың барлығы бір өндіріске біріктірілген. Айыпталып отырған эпизодтарға: науқастардың еміне қаржы жинау, аз қамтылған азаматтарға баспана алып береміз деп уәде беру, сондай-ақ Меккеге қажылық жолдамаларын сату кіреді.

Еске сала кетсек, «Елге көмек» қорының басшысы Ілияс Сариев 2024 жылғы ораза айында дертке шалдыққан Інжудің еміне халықтан ақша жинау барысында алаяқтық жасады деген күдікке ілінген болатын.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары