Malim.kz
Қоғам

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ақмола облысында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға өз үлесін қосуда

• Мадияр Қапанбек

Ақмола облысының Біржан сал ауданында маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қолдауымен Степняк қаласында инфрақұрылымды жаңарту және абаттандыру жұмыстары жүруде. Ұлттық атом компаниясы өңірдегі маңызды жобаларға биыл шамамен 1,2 млрд теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қаланың ішіндегі көшелер жөндеуден өтіп, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары ретке келтірілуде. Еліміздің көк байрағы желбіреген «Ту тұғыры» алаңының да келбеті көркейе түсті.

Ауқымды жұмыстардың нәтижесінде қала көшелері мен көпқабатты үйлердің айналасы ретке келіп, тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптасты. Мұндай өзгерістер шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуда және елдімекендердің жайлылығын арттыруда маңызды рөл атқарады.

Степняк қаласын абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жоспарға сәйкес, көлемі 25,5 мың шаршы метрден асатын қалалық саябақ жаңартылып, жалпы аумағы 2,5 мың шаршы метр болатын екі заманауи көпфункционалды балалар алаңы салынады. Сонымен қатар мемориалдық кешенді жөндеу, Біржан сал атындағы аудандық Мәдениет үйінің қасбетін жаңарту және оннан астам тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандыру көзделген. Жергілікті тұрғындар да жүргізіліп жатқан жұмыстардың оң нәтижесін сезіне бастағанын айтады.

«Біздің жағдайымызды жасап жүрген азаматтарға, әсіресе, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ мен «Семізбай-U» ЖШС басшыларына алғыс білдіремін. Барлық жерде жарық та бар, жылу да берілген, жолда салынып керемет болып қалды» – дейді Степняк қаласының тұрғыны Мереке Ахметов.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны – «Семізбай-U» ЖШС елеулі үлес қосып келеді. Біржан сал ауданының ірі жұмыс берушілерінің бірі саналатын кәсіпорында 600 астам адам еңбек етеді. Қызметкерлердің басым бөлігі жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар кәсіпорын Ақмола облысындағы ірі салық төлеушілердің қатарында. Жалпы, компанияның әлеуметтік бастамаларға қатысуы өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары