Қазгидромет дерегінше, елдің бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы құбылыстары күтіледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Астанада жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын, төменгі боран, көктайғақ болып, желдің жылдамдығы 15–20 м/с дейін күшейеді. Алматыда түнде және таңертең тұман түсіп, көктайғақ болуы мүмкін, ал Қонаевта да тұман мен көктайғақ байқалып, жел екпіні 18 м/с дейін жетеді.
Шымкентте күндіз жаңбыр жауып, жел 15–20 м/с дейін күшейеді. Түркістан облысында жаңбыр, таулы аудандарда қатты жаңбыр күтіледі, оңтүстігінде найзағай болуы ықтимал, кей жерлерде тұман түсіп, жел 15–20 м/с дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында қар, боран, көктайғақ және тұман болжанып отыр, желдің екпіні 15–20 м/с дейін жетеді. Қостанай облысында қар жауып, солтүстігінде қатты қар күтіледі, тұман мен көктайғақ болуы мүмкін.
Қызылорда және Атырау облыстарында тұман мен көктайғақ болжанады, Атырау өңірінде жел 15–18 м/с дейін күшейеді. Жалпы, синоптиктер жолда сақ болуға және ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.