18 мамырда Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр, бұршақ және қатты жел күтіледі, деп хабарлайды Malim.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, дүйсенбі күні еліміздің батысында, солтүстік-батысында, шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Маңғыстау облысында қатты жаңбыр мен бұршақ күтілсе, Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін.
Елдің қалған аумағында жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Республика бойынша жел күшейеді. Оңтүстік, батыс, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде шаңды дауыл болжанса, оңтүстік пен оңтүстік-батыста шквал күтіледі. Солтүстік, шығыс және оңтүстік-батыс аймақтарда тұман түсуі ықтимал.
Түнде Шығыс Қазақстан облысының шығысында 2 градусқа дейін үсік жүреді. Абай облысының батысында топырақ бетінде 1 градус үсік болуы мүмкін.Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары өрт қаупі сақталады. Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Ұлытау мен Абай облыстарында жоғары өрт қаупі жарияланған.
Ал Қызылорда, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстарының кей аумақтарында, Жетісу облысының оңтүстік-шығысында және Ұлытау облысының орталығында төтенше өрт қаупі күтіледі.