Белгілі актер Азамат Сатыбалдының жары, актриса әрі режиссер Назгүл Қарабалина күйеуінің отбасындағы мінезі туралы қызықты оқиғаны бөлісті. Оның айтуынша, актер кенже бала болғандықтан, ерке өскен, деп хабарлайды Malim.kz.
Назгүл Қарабалина бұл туралы журналист Айнұр Асанбердінің "Әңгіме бар" подкастында айтты. Актрисаның сөзінше, Азамат Сатыбалды – отбасындағы кенже бала. Сондықтан жақындары оның көңіл-күйіне ерекше мән беріп, еркеліктерін көтеріп үйренген.
Назгүл Қарабалина күйеуінің еркелігін сипаттайтын бір оқиғаны еске алды. Бір күні Азамат Сатыбалды қалада шаруаларымен жүргенде, жұбайы кеңседе жұмыс істеп отырған. Сол уақытта актер оған телефон соғып, көлік тұрағынан шыға алмай тұрғанын айтқан.
"Ол маған Назгүл деп айтпайды. Назгүл десе, бірдеңе болып қалғаны. Қоңырау шалып, "Назгүл" дегенде шошып кеттім. "Мен мына Есентай ситидемін. Мына шлагбаум неге ашылмайды?" – деп айғайға басты", – деді актриса.
Назгүл күйеуіне автотұрақ ақысын QR-код арқылы төлеу керектігін түсіндірген. Алайда актер бұл мәселені жұбайының шешіп беруін сұраған.
"Азем, Есентай сити болса, ол жерде Каспийдің емес, Халық банкінің терминалы тұр. Соған QR-мен төлейсің", – деп түсіндірген ол.
Актрисаның айтуынша, күйеуі бұрын көбіне жеке жүргізушісімен жүрген. Ал бұл жолы көлікті өзі басқарып, тұрақ ақысын төлеуде қиындыққа тап болған. Содан Назгүл Қарабалина банк қосымшасы арқылы төлем жасап, шлагбаумды қашықтан ашып берген.
"Шлагбаумның ашылғанын сұрағанымда: "Иә, ашылды. Рахмет" деп өктем үнмен қысқа қайырды. Шлагбаумның ашылмағанына маған жүйкесі жұқарып отыр", – деп еске алды ол.
Жұмыс орнындағы әріптестері телефондағы әңгімені естіп, не болғанын сұраған.
"Қасымдағылар түсінбей: "Не болып жатыр?" деп сұрайды. "Солай енді, не істеймін" дедім", – деп күлді Назгүл Қарабалина.
Еске сала кетейік, бұған дейін Азамат Сатыбалды марқұм әкесінің өмірден өткен сәті туралы әсерлі естелігін бөліскен.
Назгүл Қарабалина кім?
Назгүл Қарабалина – қазақстандық танымал театр және кино актрисасы, режиссер әрі продюсер. Ол 1978 жылғы 27 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысының қазіргі Теректі ауданына қарасты Ақсоғым ауылында дүниеге келген.
Өнер иесі Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық училищеде білім алған. Кейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында актерлік мамандық бойынша оқыған.
Назгүл Қарабалина шығармашылық жолында Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қызмет етіп, көптеген спектакльде басты және қосалқы рөлдерді сомдаған.
Актриса "Дүние жарық", "Құрақ көрпе", "Үйректің жүрегі", "Махамбет", "Ауылым – әнім" фильмдері мен "Періште" телехикаясы арқылы да көрерменге танылды.
Назгүл Қарабалина – белгілі актер Азамат Сатыбалдының жұбайы. Екеуі студенттік жылдары танысып, кейін отбасын құрған. Өнерлі жұптың бір ұлы бар.
Актриса актерлік қызметімен қатар, театр және кино саласындағы продюсерлік жобалармен де айналысады.