Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады, деп Malim.kz тілшісі -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Студенттің қазасы туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тараған. Кейін Алматы қалалық полиция департаменті тергеу басталғанын растады.
"Күдікті ұсталды. Тергеудің толық, жан-жақты және объективті жүргізілуі қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әзірге ведомство студенттің қандай жағдайда қайтыс болғанын және істің Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша тергеліп жатқанын нақтылаған жоқ.
Университет не дейді?
ҚазҰУ мәліметінше, марқұм география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курсында оқыған. Университет ұжымы оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.
Оқу орны құқық қорғау органдарына оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ марқұмның отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетіліп отыр.
"Осы ауыр қайғыға ортақтаса отырып, марқұмның отбасы мен жақындарының сезіміне құрметпен қарауға, сондай-ақ ресми расталмаған ақпарат пен жалған мәліметтерді таратпауға шақырамыз", – деп атап өтті университетте.
Бұған дейін студент қыз қайтыс болған
Еске сала кетейік, 6 қарашада ҚазҰУ студенттік қалашығында журналистика факультетінің бірінші курсында оқитын қыз қайтыс болған еді. Полиция оның өліміне байланысты да қылмыстық іс қозғаған. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқаны хабарланды. Қыздың өзіне қол жұмсағаны туралы тараған ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
11 қарашада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек университет пен министрліктің бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермеу себебін түсіндірген. Оның айтуынша, полиция тергеу жүріп жатқанда мәлімдемелер мен болжамдарда сақ болуды сұраған. Министрлік өкілдері қыздың қамқоршыларымен байланысқан, қажетті шығындарды университет өз мойнына алған.
ҚазҰУ-дың қазіргі ректоры кім?
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры қызметін Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев атқарады. Университеттің ресми өмірбаянына сәйкес, ол оқу орнын 2021 жылғы ақпаннан бері басқарып келеді.
Жансейіт Түймебаев 1958 жылғы 8 шілдеде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Алғабас ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген. 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 2000 жылы Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің заң факультетін бітірген. Филология ғылымдарының докторы, профессор, дипломат.
Әр жылдары Қазақстанның білім және ғылым министрі, Ресейдегі және Түркиядағы елшісі, Оңтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарының әкімі болған. ҚазҰУ-ға басшылыққа келгенге дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Президент Әкімшілігіндегі Ассамблея хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарған.